Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейімен танысу

11 ақпан 2019 жылы университетіміздің Жалпы Медицина факультетінің үшінші курсының 016-005-2 топ студенттері Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің экспонаттарымен танысты.

Музейдің ашылу тарихын баяндайтын болсақ–  Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №358-р санымен 1980 жылдың 1 тамызында Республикалық халық музыкалық аспаптар музейін ашу туралы Үкімет жарлығына сәйкес мәдениет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, қазақ халқының жанашыры, елін «өлердей» сүйген  Өзбекәлі Жәнібековтың ұйымдастыруымен XX ғасырдың 1981 жылы құрылды. Аталған жылдың тамыз айынан бастап музей тарихында тұңғыш директор болып ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеушісі, күйші Жарқын Шəкəрім тағайындалды. Музейге 1990 жылы Ықылас Дүкенұлы есімі берілген болатын.

Мұражай ғимаратының тарихына үңілетін болсақ:  ағаштан қиылып, қазақтың ұлттық нақышымен безендірілген ғимарат өткен ғасырдың басындағы ағаш сәулет өнерінің үлгілерін қолдана отырып, мұражайдың жобасын атақты архитектор А.П.Зенков жасаған.  Айта кететін болсақ, осы автордың жобасымен Алматы қаласында бірнеше зәулім ғимараттар салынған болатын.

Музей қорында қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар дүниежүзінің бірнеше халықтарының, сондай–ақ әлемнің 34 елінің музыкалық 1200-ден астам экспонаттармен  туристік гид  Қадырғалиева Г.Е. таныстырды.

         Музейдің мемориалдық музыкалық аспаптары залынан XIX-XX ғ.ғ. күйші-композиторлары мен күміс-көмей әншілері Махамбет Өтемісұлы, Біржан сал,  Ақан Сері, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Қазанғап Тілепбергенұлы, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің  т.б. тұпнұсқа және көшірме түріндегі домбыралары, әнші-сазгер Нартай Бекежанов пен Шашубай Қошқарбаевтың қобыздарын және  сырнайлармен танысу барысында аспаптардың осы уақытқа дейін түрін, түсін, жұмыс қабілеттіліктерінің сақталуына үлес қосып келе жатқан   мұражай қызметкерлеріне   студенттер сүйіспеншіліктерін білдірді.

         Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде студенттер   бірнеше залдарды аралау арқылы бірегей сирек кездесетін қазақ халқының музыкалық аспап түрлері – желбуаз, адырна, шертер, кеңінен тараған – домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген, сонымен қатар, түркі халықтарының – уд, тар, дутар, гиджак, сатар, әлем халықтарының – саранги, пандури, мандолина, эрху, бандура т.б. аспаптарымен танысып, тамашалады.

Кездесу соңында туристік гид Қадырғалиева Г.Е. мұражай ғимаратында жоспар бойынша ай сайын атақты өнер адамдарымен кездесу болып тұратынын, солардың орындауында ән-күй кеші өткізілетінін хабарлады. Қорыта келе, студенттер туристік гидке ризашылықтарын білдіре отырып, мүмкіндігінше ай сайын орындалатын ән-күй кешін тамашалауға тілек білдірді.

                                          ЖМ факультетінің үшінші курсының

016-005-2  тобының старостасы М. Шапенова,

                                                         «Жалпы хирургия» кафедрасының доценті,

              м.ғ.к. А.Қаныбеков