СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

2013 жылдың 13 ақпанында қалыпты физиология кафедрасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің ұйымдастыруымен «Оқытушылар мен студенттер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Осы дөңгелек үстел пікірталасына университеттің этикалық кеңесі, жалпы медицина факультетінің деканаты, «life sciences» департаменті, тәрбие және әлеументтік істер жөніндегі бөлімі, валеология модулі өкілдері шақырылды. Сондай-ақ, пікірталасқа кафедраның профессор оқытушылық құрамы, ТОР – 100 студенттік ұйымы, студенттік үкімет өкілі және жалпы медицина факультетінің 2,3 курс студенттері қатысты. Пікірталас бағдарламасы бойынша кафедра меңгерушісі А.Д.Соколов алғашқы сөзімен пікірталасты ашты. Келесі сөз ректордың кеңесшісі, профессор Ж.Г.Мұстафинаға берілді. Ж.Г.Мұстафина сыбайлас жемқорлық туралы көптеген айқын мысалдар келтіре отырып, жемқорлықтың жоғарғы өкілетті орындардан бастап, білім беру жүйесінде де, сонымен қатар біздің университет қабырғасында да сыбайлас жемқорлық жағдайлары орын алғандығын және оған қарсы жүргізілетін күрес шаралары жайлы айтып өтті. Ж.Г.Мұстафинаның сөйлеген сөзін қатысушылар аса қызығушылықпен тыңдады. Кафедраның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрайымы А.Г.Бисерова ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» Заңының негізгі ережелеріне тоқталып өтті. Студенттік үкіметтің төрағасы А.Курбатов университетте студенттердің құқықтарын қорғайтын ұйымның бар екендігін айта отырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, таза білім алуға шақырды. Пікірталасқа осы тақырып жайында студенттер де өз ойларын ортаға салды. Жалпы медицина факультетінің 3 курс студенті Баймұратова Махаббат Қазақстанда жемқорлықтың белең алған орындары, жемқорлықтың пайда болу себептері, студенттердің білім алу үрдістерінде пара беруге мәжбүрлейтін жағдайлар, ал оқытушыларды пара алуға мәжбүрлейтін шаралар жайлы айттып өтсе, жалпы медицина факультетінің 3 курс студенті Баймуминов Болатта өз ойын ортаға салды. Ол өз сөзінде, пара алған да, пара берген де бірдей жауапкершілікке тартылатындығын баса айтып, болашақ дәрігер ретінде мұндай жағдайдың болуы ертеңгі күні опық жегізетіндігін айтты. Әсіресе, жалпы медицина факультетінің 3 курс студенті Құрбанәлі Махаббаттың сөздері қатысушыларға үлкен ой салардай болды. Ол: ««Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» дегендей, бүгінде ешкім «мен бердім немесе мен алдым» деп ешкім де мойындамайды.  Сондықтан айтарым: жемқорлыққа қарсы күрестің бастамасы – әрбір адамның өзін-өзі тәрбиелеуінен басталуы шарт. Жемқорлықтың тамыры шабылып жойылмаса да, азайту үшін күрес жүргізуге әркім өз үлесін қосуға шақыратын  үндеу тастағым келеді» деп сөзін аяқтады.

Сыбайлас жемқорлық жағдайлары жайлы тақырыпқа сай суреттер жинағы ілініп, бейнероликтер, студенттердің өздері түсірген видеофильмдер көрсетілді.

Пікірталас кафедра меңгерушісі А.Д.Соколовтың қорытынды сөзімен аяқталды.

Қалыпты физиология қафедрасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрайымы, аға оқытушы А.Г.Бисерова, мүшелері: аға оқытушы Н.А.Атанова, оқытушы Р.М.Шайхынбекова

13.02.2013 жыл.