(KAZ) Медициналық борыш туралы эссе А. Қаныбеков, жалпы хирургия кафедрасының доценті

Sorry, this entry is only available in KAZ.

             Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың өсіп келе жатқан жастарымызды қамтитын білім беру, соның ішінде атап айтатын болсақ медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсету деген сұраныстың көлемін арттыра түсу үшін білікті мамандарды дайындауды әрі қарай жетілдіруді ұсынған болатын.

              Соған байланысты  денсаулықты сақтау–өз қолымызда, яғни өз еншімізде. Қазіргі таңда әртүрлі аурулардың жылдан-жылға көбейіп бара жатқаны жасырын емес.

             «Тірі адам түбінде бір ауырмай тұрмайды» деп данышпан Баласағұнидің айтқан сөзі рас сияқты. Өйткені, әрбір адамның өзіне тән дамып жатқан белгілі бір аурулары болады. Бірақ, біз сол аурулардың шарықтауына жол бермей оған төтеп беруіміз қажет. Яғни, атақта ақын Ә. Науаи «ауруын жасырған өледі»  деген сөзге қарсы әрбір адам өз бойындағы ауруы бойынша дәрігерлерден кеңес алып қана қоймай, уақтысында ем қабылдағаны абзал. Осы шараны іске асыруда дәрігерлеріміздің рөлі зор болуы қажет екендігі бесенеден белгілі.

             Қазіргі заманда өмір сүріп жатқан жастарымыз қандай әдемі! Бойлары ұзын, иықтары кең жайылған, ешкімге тәуелсіз жүрістері бар, керісінше қыздарымыздың көздері еш уайым, қайғысыз жарқырап тұратындығы–қорыта келе, біздің ер жетіп келе жатқан балаларымыз шындығында өте жақсы көрінеді.

                Мен әр жылы бірінші курсқа түсіп, қуаныштары қойнына симай  жүрген талапкерлерді  құттықтай отырып және университетті жаңадан  бітіруші жас мамандарға  ақ жол тілейтін әдетім бар. Мен оларға сеніммен, үмітпен … екінші жағынан қорқынышпен қараймын.  Ақылды, тәрбиелі және білімдері жоғары жастардың С.Ж. Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің табалдырығынан аяқтарын нық басып жаңа өмірге шығып кетіп бара жатқандарына сенімім зор.                 Мен, біздің жастарымыздың медициналық  мамандықтың салттық дәстүрлерін әрі қарай жалғастыратынына сенемін. Соған байланысты,  әрдайым жас мамандарымызға күдіктенетінімді  білдіремін: себебі  олар   алаңдау-шылығымды жақсы түсінеді ме, олар қандай жолмен жүретіндігі әр жолы ойымда тұрады.                Медицина мамандығына келетін болсақ, атақты ғалым Авиценнаның келешек дәрігерлерге қоятын қатаң талаптарының ішінде бүкіл дүниежүзі дәрігерлеріне жақсы белгілі, төмендегі пікірлері мазмұн тереңдігімен де, шешендік көркемдігімен де сүйсіндіреді: «Дәрігерде қыран бүркіттің көзі, жас қыздың жұмсақ қолы, жыланның арбаушы данышпандығы, арыстанның айбарлы жүрегі болуы керек»- деді ол.                Ешкімге атағы жайыла қоймаған жас маман 16 жастағы Авиценна нашақорлықпен ауыратын Бухараның әмірі Нух бен Мансурға шақырылды. Бухара әмірін сәтті сауықтырған кезде, ол: «Өзің қалаған нәрсеңді сұра, бәрі орындалады», – деді. Оның кез-келген байлыққа ие болатынын  білдірді. Бірақ байлықтың  орнына Авиценна әмірдің атақты бай кітапханасына барып, күнделікті шұғылдануына   рұқсат сұрады.  Авиценнаның білгірлік атағы немересінің ем қонбайтын ауруға шалдыққан  Джордана Кабустың билеушісіне де жеткен болатын. Билеуші жас ғалымды сарайға шақыртқызып,  науқас немересін емдеуге жарлық берді.   Аңызға сәйкес, Кабулдың немересі сүйіспеншілікке толы махаббаттық меланхолияға, яғни мұңға, уайымшылдыққа  ұшырап  ас қабылдаудан  бас тартып және ұйқысының жоғалуына байланысты денсаулығы нашарлап, әлсізденген болатын.                 Ол қайғылы себептері туралы ешкімге айтпады, өйткені ол жақсы көрген қыз қарапайым қолөнершінің қызы еді.  Ешқандай дәрігер аурудың нақты себебін анықтай алмағандықтан,  оған  ем қонбаған болатын. Авиценна, науқасты қарап шыққаннан кейін, оның ағзаларында ешқандай өзгеріс байқалмағанын, бірақ жағдайы өте қиын болғанымен, жас жігіттің махаббаттық меланхолияға, яғни мұңға, уайымшылдыққа  ұшырағандығына болжам жасады.  Соған байланысты  Авиценна  қаланың барлық көшелерін және үйлерін білетін адамды жеткізуді сұрады. Шақырылған білікті ақсақал бірнеше көшелердің ішінде, бір көшенің атын атаған кезде,   ғалым  науқастың жүрек соғуының жиілеп кеткенін аңғарды.  Соған байланысты Авиценна ақсақалдан  осы көшедегі үй иелерін санап шығуын  сұрады.  Бір көшенің атын атаған кезде науқастың жүрек соғуы бұрынғыдан да жиіленіп, тынышсыздық білдіре бастағаны байқалды.  Үйдің иесінің қызының атын естіген кезде, науқас есінен танып қалған болатын. Авиценна  билеушіге немересінің осы  қызға некеге тұруын ұсынды. Сол қолшебершінің қызына үйленгендіктен билеушінің немересінің аурудан жазылып кеткені белгілі болды.

             Жанұялық дәрігердің ауру адамды қарап, емдеуінің маңыздылығын баса айтқан белгілі дәрігер Х.В.Гуфеляндтің (1762 – 1836) сөздері қаламбур яғни сөзойнатым сияқты естілгенімен, мағынасы өте зор. Ол былай деп жазған: «Бір дәрігер – жақсы, екеуі – орташа, үшеуі – сұмдық. Көп дәрігердің бір ауру адамды емдеуі көбінесе аурудың өршуіне әкеледі».

             Дәрігердің өмірі – бұл ешқандай бітпейтін университет. «Дәрігердің басты міндеті- өмір бойы қоғам үшін медициналық білімін жетілдіру, жұмыс атқару» – деген болатын, беделді клиницист А.А.Остроумов.

             Атақты жазушы, мамандығы бойынша дәрігер  А.П.Чехов:  «Дәрігер-дің мамандығы – бұл ерлік, ол өзіне құрбан болуды, ойдың, ниеттің адал болуын қажет етеді. Дәрігер ой-санасы анық, пиғылы, мінез-құлқы таза, адал және мұнтаздай болу керек», – деген болатын.

             Атақты қолбасшы Суворов: «Оқу өте қиын, бірақ күресу оңай» -деген қанатты сөздері бар. Бірақ бұл мақал келешек дәрігерді тыныштандырмауы қажет, себебі «күресті» медицинамен салыстыруға болмайды.  Медициналық білім алу қиын, аурумен   «шайқас» одан да қиын екендігін жас маман дәрігер-лер еш уақытта ұмытпауға тиіс

                Өткен ғасырда  венгрлік-акушер Земмельвейс  студенттерге қойылат-ын талаптарды біршама жеңілдетуге бола ма, жоқ па деген сұраққа: «Еш уақытта да. Нашар заңгермен клиент ақшаны немесе еркіндікті жоғалту қаупі бар. Егер дәрігердің білімі нашар  болса, онда науқас  өмірін жоғалтады»,-  деп жауан  берген болатын.                Ерте замандағы атақты дәрігерлердің бірі–сириялық Абдуль Фараджа дәрігер туралы: «Қара, біз үшеуміз-мен, сен және ауру. Сондықтан, егер сен мен жақта болсаң, біз екеуміз аурудың жалғыз өзін оңай жеңе аламыз. Ал, егер сен қарсы  жаққа ауып кетсең, менің жалғыз өзімнің екеуіңді жеңуге шамам келмейді» деген еді. Бұдан шығатын қорытынды әр уақытта дәрігер науқас адамның сеніміне ие болуы қажет дегенді білдіреді. Сол туралы төменде көрсетілгендей мысалды келтіруге болады: Германия мемлекетінің атағы дүние жүзіне жайылған канцлері Бисмарк ауыр дәрежелік жүрек ауруымен ауыратындықтан, бірнеше ондаған дәрігерлер оның құдыреттілігінен жасқаншақтап,  науқасқа ешқандай ем таппаған болатын.                Келесі  жолы дәрігер – эскулап  Швеннингер  оны қарап, тексеруге  келгенде, «не» және «қалай» деген сұрақтар бере бастағанда, Бисмарк
қатты ашуланып: «Мен сенің  ақылсыз сұрақтарыңа жауап беруіме уақыт тығыз, шығып, кет»,- деп есікті көрсетеді. – Сізді, онда ветеринар емдесін, -деп,  Швеннингер асықпай, сенімділікпен жауап береді.  Мұндай жауапты тәкаппар күтпеген болатын. Сол уақыттан бастап жиырма жыл бойы Швеннингер канцлердің сеніміне еніп, оның емдеуші дәрігері болды.                Соған байланысты, Бисмарк: «Бұрынғы дәрігерлерді мен емдеген едім, Швеннингер мені емдеді» деген болатын.                Дәрігер–науқастың қандай да болмасын лауазымына: ол президент немесе жәй ғана жұмысшы, кәрі немесе жас,  сәнді және қымбат немесе ескірген, алба-жұлба  киіміне қарамастан барлығына бірдей қарап, ем жүргізуі оның абыройын көтере түседі.                 С. Р. Миротворцев 1942 жылы  жас хирургтардың алдында дәріс оқуы кезінде, науқастарды сүю туралы: «Науқасқа деген сүйіспеншілік, – деп түсіндірді ол, – бұл өзіңді, уақытыңды,  демалуыңды, тілектеріңді, көңіл көтерулеріңді құрбан ету дегенді білдіреді. Сіз «шын жүрекпен» және науқасты өзіңіздің жақын туысқаныңыз  сияқты емдеу керек. Хирургия – бұл қызмет емес, ар-намыс, қуаныш, шабыт, хирургия – адамдарға бақыт, әкелер мен аналарға сүйіспеншілік әкелетін мамандық»,- деген болатын.                Келесі есте қаларлық жағдай:                 Жауынгерлер  Н.И.Пироговтың  (18101881) хирургтық дәрежесін өте жоғары бағалап, керемет операция жасай алады,-деп санайтын. Бір жолы таңғыш бөлмесіне басы жұлынып кеткен жауынгерді жеткізеді. Есік алдында тұрған дәрігер, қолдарын сермеп, тасымалдаушы жауынгерлерге айқайлайды: «Қайда апара жатырсыңдар? Көрмей тұрсыңдарма, оның басы жоқ қой?». «Ештеңе етпейді, құрметтім, оның басын артымызда әкеле жатыр.
Пирогов мырза басты бірдеңе қылып  біріктіруі мүмкін, бәлкім, біздің бауырлас солдатымыздың  әлі де пайдасы тиер
…»,-
деп жауап береді. Бұл дәрігердің, әсіресе хирург Н.И.Пироговтың  лауазымының биік екендігін дәлелдейді емес пе? Қазіргі уақыттағы медициналық көмектің, оның ішінде хирургиялық ем жасау  дәрежесіне келетін болсақ, біздің Отанымыз, Қазақстан мемлекетінде бүйрек, жүрек, ұйқы безі, буындар  (ұршық, тізе буындары) ауыстыру операциялары барлық облыстық орталықтарда кеңінен жасалынып жатыр. Еліміздің атақты хирургтардың қатарына Алматы қаласындағы А.Н.Сызганов атындағы хирургиялық ғылыми зерттеу институтының директоры м.ғ.д., профессор, академик Болат Бимендіұлы Баймахановты, Астана қаласындағы Ұлттық  кардиохирургиялық орталықтың басшысы профессор Юрий Вдадимирович Пя , Алматыдағы ЭКО  орталығының басшысы профессор Салтанат Берденқызы Байкошкарова  және де көптеген білгір хирургтарды атауға болады. Қазіргі уақытта профессор Болат Бимендіұлы Баймаханов бүйрек, бауыр  ағзаларын және ұйқы безін  ауыстыру операциясын жете меңгеріп, көптеген дәрігерлердің  ағза ауыстыру операцияларын меңгеруіне зор үлесін қосып келеді.                Профессор Юрий Вдадимирович Пя 2012 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып донорлық жүректі созылмалы жүрек ауруымен зардап шегетін науқасқа салған болатын. Қазіргі уақытта Юрий Вдадимирович Пя  донорлық жүрек операциясымен қатар жасанды жүрек трансплантациясын, жүрекке электродсыз кардиостимулятор орнатумен қатар   өкпені ауыстыру,  операциясын орындауда. Жоғарыда көрсетілген еңбектері ескеріліп оған  2013 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.                Қазіргі уақытта бедеулік яғни бала көтере алмау мәселесі Қазақстанда толық шешілді десе болады. Олай дейтін себебіміз Салтанат Берденқызы  Байкошкарова Орталық Азия мен Қазақстанда  бірінші рет бедеулікті емдейтін «Экомед» лабораториясын ашып  31 маусым 1996  жылы бірінші қазақстандық нәресте «пробирка» яғни «құтыдағы» ұрықтандыру (ЭКО   жатырдан тыс ұрықтандыру) арқылы дүниеге келді, Қазіргі уақытта көптеген облыс орталықтарында бедеулікті емдейтін медицина мекемелері бар.                 Француз елінің белгілі жазушысы және тарихшы Андре Маруа   «Ертең, бүгінгі күн сияқты науқастар болады.  Ертең, бүгінгі күн сияқты білікті дәрігерлер қажет. Ертең, бүгінгідей, медициналық киімдегі дәрігер зардап шеккен адам,  кім болса да – дос немесе қарсылас, оң немесе кінәлі болған күнде де оның өмірін құтқарады. Дәрігердің өмірі бүгінгі күнге дейін сақталып қалады-күрделі, алаңдатарлық, қаһармандық және жауап-кершілігі күрделі болса да», деп айтқан болатын.  Менің ойымша дәрігер туралы бұл мәлімдеме бүгінгі күні маңызын жоймағандығы баршамызға белгілі болса керек.

                Қорыта келе,  ақиық ақын, жастай қыршын кеткен Мағжан Жұмабаев жазғандай:

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!-
  деген ойларын жалғастыра отырып қазіргі уақытта медициналық мамандықты таңдаған жастарымыз еліміздің көркендеуіне, халқымыздың денсаулығын қорғау жөнінде елеулі үлес қосады деген сенімдемін!!!