02.02.-07.02.2015ж. аралығында С.Ж. Асфендияров ат. ҚазҰМУ-ң Тәжірибелік дағдылар орталығында 3 курс ЖМ факультетінің студенттеріне алғаш рет 8 пән бойынша (қалыпты анатомия, патологиялық анатомия, гистология, қалыпты физиология, патологиялық физиология, фармакология, ішкі аурулар пропедевтикасы, визуалды диагностика) біріктірілген емтихан өткізіледі.
Осы біріктірілген емтиханды ұйымдастыру бойынша 22.01.2015ж. ҚазҰМУ-ң Тәжірибелік дағдылар орталығында 8 модульдің барлық емтихан қабылдаушы оқытушыларымен тренинг өткізілді. Емтиханды ұйымдастыру сұрақтары бойынша ішкі аурулар пропедевтикасы кафедрасының меңгерушісі м.ғ.д., профессор Есенжанова Г.М. оқытушыларға нұсқаулық өткізді. Нұсқаулық алғаннан кейін оқытушылар студенттердің ролінде, кейін алмасып емтихан қабылдаушының рөлінде 3 бөлім (блок) бойынша емтихан тапсырып көрді. 1-ші морфологиялық бөлімге енген пәндер: қалыпты анатомия, патологиялық анатомия, гистология, 2-ші патологиялық бөлімге енген пәндер: қалыпты физиология, патологиялық физиология, ішкі аурулар пропедевтикасы, 3-ші клиникалық бөлімге енген пәндер: ішкі аурулар пропедевтикасы, фармакология, визуалды диагностика. Ал эксперттердің бөлмесінде басқа оқытушылар видеокамера арқылы бақыланып отырған емтихан қабылдаушы мен емтихан тапсырушыны монитордан көріп, құлаққап арқылы тыңдап отырды.
Тренинг соңында профессор Есенжанова Г.М. емтиханның өту барысында кездескен қиын тұстарды оқытушылармен талдап, бірге шешімін тауып, қорытынды жасады.